Қытай, Ресей және АҚШ басшыларының тарихтағы алғашқы үшжақты кездесуіне дайындық Еуропада алаңдаушылық туғызды. Бірқатар елдер мұны Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі әлемді ықпал аймақтарына бөлуге ұқсатып отыр.
Алайда саммиттің өтетіні де, өтсе оның күн тәртібі қандай болатыны да әзірге нақты емес. Мәскеу мен Вашингтон ұсынған тақырыптар Бейжің үшін онша қызық емес екенін китаист мамандар айтады.
Сәрсенбі күні Ресей президенті Владимир Путин Мәскеудегі Манежде мектеп оқушыларымен бірге көрме аралап жүріп, Үлкен скульптуралық топтаманың жанында тоқтады. Онда Уинстон Черчилль, Ф.Д. Рузвельт және Иосиф Сталин бейнеленген Ялта конференциясы көрсетілген еді.
«Ал міне, соғыстан кейін әлемді қалай реттеу керегін талқылау үшін үш басты мемлекеттің басшылары жиналды», — деді Путин балаларға.
Бұған дейін, бір күн бұрын, Қытай СІМ мен Кремль баспасөз қызметі 18-19 қараша күндері Шэньчжэньде өтетін АТЭС саммиті аясында Владимир Путин, Дональд Трамп және Си Цзиньпиннің үшжақты кездесуіне байланысты консультациялар жүргізіліп жатқанын хабарлаған. Трамп бұл бастаманы көпшілік алдында қолдаған.
Мұндай кездесу туралы хабарлар қазан айының ортасында тарай бастаған. Олар Еуропа мен Украинада бірден алаңдаушылық туғызып, 1945 жылғы ақпандағы Ялта конференциясын еске салды. Ол кезде антигитлерлік коалиция лидерлері Қара теңіздегі бұрынғы Ресей императорларының резиденциясында кездескен еді.
Рузвельт пен Черчилль Сталиннен Германияны жеңгеннен кейін Жапонияға қарсы соғысқа кіруге келісім алған. Соның есесіне Кеңес Одағының Шығыс Еуропадағы ықпал аймағы кеңеюіне жол берілді, сондай-ақ Шығыс Азия бойынша құпия келісім жасалды. Ол бойынша КСРО Жапонияның Оңтүстік Сахалин мен Куриль аралдарын иеленді, Порт-Артурдағы кеңестік база қалпына келтірілді және Манчжурияда ерекше экономикалық мүдделерге ие болды.
Содан бері Шығыс Еуропада «Ялта» ұлы державалардың өзге елдердің пікірін ескермей, әлемді ықпал аймақтарына бөлісу жөніндегі циникалық ымырасының синониміне айналды.
«Бұл Ялта-2, 3, 4 болғанын қаламаймын, яғни ықпал қайта бөлінетін жағдай болмасын», — деді Украина президенті Владимир Зеленский ықтимал кездесу туралы жаңалыққа пікір білдіріп. — Меніңше, Аляскадан кейін бұл Ресей үшін екінші осындай дипломатиялық, маңызды артықшылық болар еді, егер бәрі ресейліктер айтып жүрген “жаңа Ялта” жөніндегі тілектеріне сай жүзеге асса».
Германия канцлері Фридрих Мерц Украинадағы соғысты тоқтату жөніндегі келіссөздерге Еуропаның қатысуы керек екенін айтты: «Еуропа бұл үдерісте рөл атқаруы тиіс және қалайды. Бейбіт реттеудің негізгі мәселелері, санкциялар болсын немесе қауіпсіздік архитектурасы болсын, тек біз — еуропалықтардың қатысуымен ғана шешіледі. Мұны барлық қатысушы жақсы біледі».
Путиннің Трамп пен Сиге не туралы айтқысы келетіні әзірге белгісіз. Wall Street Journal оның мақсаты — Украинадағы соғысты өзіне тиімді шарттармен аяқтауға қолдау алу болуы мүмкін деп жазған.
«Қазір жоғары деңгейдегі және мұндай ерекше форматтағы кездесуде не талқылануы мүмкін екеніне қатысты тек алғашқы нобайлар ғана бар. Меніңше, қандай да бір деңгейде Украина тақырыбы қозғалады», — деді Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков.
Ал Трамп саммиттің күн тәртібін басқаша елестетеді. Ол Путин және Симен кездесуге дайын екенін, бірақ Украина туралы келіссөз үшін емес екенін айтты: «Біз ядролық қару мен ядролық қарусыздануды талқылау үшін кездесе аламыз».
Китаист Джозеф Торигян, Вашингтондағы Америка университетінің қауымдастырылған профессоры, Қытайдың Украинадағы соғыс жөніндегі келіссөздерге белсенді араласқысы келмейтінін айтады. Оның пікірінше, бұл Бейжіңнің қақтығысқа терең араласып отыр деген әсер қалдыруы мүмкін. Ал Еуропа қатыспайтын келіссөздерге қатысу Қытайдың бұл соғыста Ресейге бүйрегі бұрып тұр деген ұстанымды күшейтіп жібермек, мұндай бейнеден Пекин барынша қашады.
Сарапшының айтуынша, Қытай ядролық қару жөніндегі келіссөздерге де сақтықпен қарайды. «Себептердің бірі — Ресей мен АҚШ-тың ядролық арсеналдары Қытайдікінен әлдеқайда үлкен. Екінші себеп — қытайлықтар өздерінің салыстырмалы түрде шағын ядролық әлеуетінің артықшылығын оның ашық еместігінен көреді. Олар басқа мемлекеттер ядролық бағдарламасының нақты ауқымын білмегенін қалайды», — деді Торигян.
Ресей үшін мұндай кездесудің мәні айқын: бір жағынан, Еуропаны Украина бойынша келіссөздерден шеттету, екінші жағынан, Мәскеуді халықаралық аренада оқшаулау мүмкін еместігін тағы бір мәрте көрсету.
Америкалық лидер үшін де саммиттің тартымдылығы түсінікті. Торигянның пікірінше, Трампты бұл идеяның салтанатты жағы мен саяси атмосферасы көбірек қызықтырады. Ол ірі державалар жиналып, әлемге бейбітшілік әкеліп жатқанын айтып, мұндай кездесуді алғаш ұйымдастырған адам ретінде өз рөлін көрсетуі мүмкін.
Ал Бейжің үшін мұндай саммиттің пайдасы онша айқын емес. Торигян Ялта конференциясы Шығыс Еуропа үшін ғана емес, Қытай үшін де ауыр тарихи естелік екенін еске салады, өйткені ол кезде Қытайдың тағдыры Ұлыбритания, КСРО және АҚШ лидерлері тарапынан оның қатысуынсыз шешілген.
Сталин Жапонияға қарсы соғысқа кіру үшін қатаң шарттар қойды, соның ішінде Мәскеу Манчжуриядағы ерекше кеңестік мүдделердің мойындалуына қол жеткізді. Бұдан Қытай басшылығы хабардар болғанда, қатты наразы болды.
«Тіпті 1949 жылы Қытайда коммунистер жеңіске жеткеннен кейін де Мао Цзэдун Ялтада және одан кейін қойылған кеңестік талаптарды елеулі келіспеушілік көзі деп санады. Бұл қайшылықтар кейін Қытай мен КСРО арасындағы жікке де ішінара себеп болды. Сондықтан қытайлар үшін Ялта — жағымды тарихи естелік емес», — дейді Торигян.
Ялта конференциясы іс жүзінде КСРО-ның ықпал аймағын бекітіп бергенімен, тарихшылар оның Сталинге жасалған жеңілдік пе, әлде шындықты мойындау ма деген мәселеде әлі де дауласады. 1945 жылдың ақпанында Қызыл Армия Румынияны, Болгарияны және Польша, Венгрия мен Чехословакияның елеулі бөліктерін бақылауда ұстаған еді.
Алайда Ресей-Украина соғысында, Екінші дүниежүзілік соғыстан айырмашылығы, саммитке қатысуы мүмкін үш елдің тек біреуі ғана тікелей соғысып жатыр — ол Ресей. Ал 1945 жылғы Шығыс Еуропада нацистерді талқандағаннан кейін басымдыққа ие болған Қызыл Армиядан өзгеше, қазір Ресей әскері Кремль өзіне тиесілі деп жариялаған Украинаның шығысындағы аумақтарды да толық бақылауда ұстап отырған жоқ.
Соңында, әлемді ықпал аймақтарына анық бөлуге тек Ресей ғана мүдделі, дейді тарихшы. АҚШ Тайваньды қолдаудан бас тартуға дайын емес. Ал Қытай үшін Латын Америкасындағы ықпал маңызды, сонымен бірге Трамп тұсында қабылданған ұлттық қауіпсіздік стратегиясы Батыс жарты шарды АҚШ ықпал аймағы ретінде сипаттайды.
Ялтамен салыстырудың орынсыз екені тағы бір себеппен айтылады: Қытай басшылығының өз көзқарасында Ресей АҚШ және Қытаймен қатар супердержава мәртебесіне ие, бірақ мұнымен бәрі бірдей келіспейді.
«Қытай басшылығы мен элитасы шын мәнінде Қытайға тең деп мойындайтын жалғыз мемлекет — Америка Құрама Штаттары», — дейді Глазго университетінің Ресей-Қытай қатынастары бойынша маманы Марцин Качмарский.
Сарапшының айтуынша, бұл Пекиннің ашық риторикасында әрдайым көріне бермейді: сөз жүзінде көбіне олардың тең мәртебесі мойындалады. Бірақ жабық есік жағдайында қытайлық сарапшылар да, ел басшылығы да Ресейді өздеріне тең держава деп қабылдамайды.
Бір жағынан, мұндай үшжақты саммит Қытайдың халықаралық беделін күшейтуі мүмкін. Качмарскийдің пікірінше, бұл Си Цзиньпинге басқа державалардың басшылары өзіне келетін әлемдік лидер ретінде көрінуіне мүмкіндік береді.
Алайда Еуропаның бұған ренжіуі Қытайға қажет емес, дейді ол. Соңғы жылдары қытай элитасы Еуроодаққа бұрынғыдай құрметпен қарамайды, соған қарамастан оны әлі де маңызды сауда серіктесі саналатын еуропалық елдермен жақсы қатынаста болуға мүдделі.