АҚШ әскери күштері Иранның оңтүстігіндегі Кешм аралы маңында орналасқан зенит қондырғысына соққы жасады. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz РИА Новости-ге сілтеме жасап.
«Біз шағын соққылар жасаймыз, бірақ олар нысандарды істен шығарады. Олар шағын зенит қондырғысын орнатқан еді, біз оны шамамен 15 минутта, мүмкін 5 минутта істен шығардық», – деді Ақ үй басшысы журналистерге.
Press TV арнасы сенбіге қараған түні Ормуз бұғазындағы Кешм аралында бірқатар жарылыс болғанын хабарлаған. Кейінірек арна бұл аймақта Иран Ислам революциясы сақшылары корпусының әуе қорғанысы америкалық MQ-9 Reaper ұшағын атып түсіріп, жойғанын нақтылады.
Иран мен АҚШ арасындағы шиеленіс Ормуз бұғазы төңірегіндегі жағдайға байланысты күшейіп отыр. Бұл бұғаз әлемдегі ең стратегиялық теңіз жолдарының бірі саналады.
Қыркүйек айының соңында Тегеран Вашингтонға Ормуз бұғазын ашуға арналған жеті күндік жоспарды қамтыған ұсыныстар жолдаған еді. Оның орнына теңіз блокадасын алып тастау және экспортқа қойылған шектеулерді жеңілдету сұралған. Алайда Трамп бұл ұсынысты қабылдамады.
Иран бұған дейін бұғазға қатысты қатаң талап енгізіп, барлық кемелерден Тегеранмен іс-қимылын үйлестіруді және өтпестен бұрын рұқсат алуды талап еткен. Тегеран сондай-ақ Ормуз бұғазы толықтай Иранның бақылауында екенін, ал аймақта қауіпсіздікті КСИР-дің Әскери-теңіз күштері қамтамасыз ететінін мәлімдеп келеді.