weather Астана: --°C
weather Алматы: --°C
weather Шымкент: --°C
Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
23 қараша, 2026 / Жасмина Нурлан / Аймақтар
Тарату: WhatsApp Telegram Twitter Facebook

Қызылорда мен Жезқазғанды жалғаған 400 шақырымдық автожол толық жаңартылды

Қазақстанның оңтүстігі мен орталығын байланыстыратын «Қызылорда – Жезқазған» автожолының реконструкциясы аяқталды. Соңғы 208 шақырымдық бөлікте көлік қозғалысы ашылып, ұзындығы шамамен 400 шақырым болатын күре жол толық пайдалануға берілді.

Қызылорда мен Жезқазғанды жалғаған 400 шақырымдық автожол толық жаңартылды
Фото: gov.kz

Жол құрылысының аяқталуы Қызылорда мен Ұлытау өңірлері арасындағы көлік қатынасын жаңа деңгейге көтермек. Жаңартылған бағыт жолаушылар мен жүк тасымалына қолайлы жағдай жасап, екі өңірдің арасындағы жол жүру уақытын екі есеге дейін қысқартуға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Жобаны жүзеге асыру барысында жол төсеміне 1,3 миллион тонна асфальт пайдаланылған. Сонымен қатар төрт көпір, 78 су өткізу құбыры және мал айдап өтуге арналған 18 арнайы өткел салынды. Құрылыс жұмыстарына 1 200-ге жуық маман мен 800 бірлік техника тартылған.

Автожолды қайта жаңарту Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүргізілді. Президент 2026 жылдың соңына дейін жолдың бүкіл бойында көлік қозғалысын қамтамасыз етуді міндеттеген болатын.

Жаңа жолдың ашылуы Ұлытау өңірінің тұрғындары үшін де айрықша маңызға ие. «Қазақмыс» ЖШС ардагерлер кеңесінің төрағасы, Жезқазған қаласының құрметті азаматы Төлеген Бүкіров бұл күнді көптен күткен тарихи оқиға деп бағалады.

Оның айтуынша, жаңа күре жол еліміздің оңтүстігі мен орталығын, Сыр өңірі мен Ұлытау аймағын тікелей байланыстырып отыр. Сондай-ақ ол 2022 жылғы наурыздағы Президент Жолдауынан бастау алған өзгерістердің бірі ретінде Ұлытау облысының қайта құрылуын және бүгінгі инфрақұрылымдық жобаның жүзеге асуын атап өтті.

Төлеген Бүкіровтің пікірінше, жол құрылысы – экономиканың дамуына серпін беретін маңызды бағыттардың бірі. Ол жаңа автожолдың ашылуы өңірлер арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, алдағы уақытта экономикалық мүмкіндіктердің кеңеюіне де ықпал ететініне сенім білдірді.

TikTok
TikTok-та отырсыз ба? Онда бізге жазылыңыз.
Маңызды жаңалықтарды жедел алу үшін жазылыңыз.
Өту→

Біздің cеріктестер