Аталған видеодан кейін кейбір желі қолданушылары отбасының жүрген жерін дәл осы адам анықтады деген пікір тарата бастады. Алайда Атырау облыстық полиция департаменті бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, жоғалған отбасының орналасқан жеріне қатысты барлық дерек тек ресми тергеу және жедел-іздестіру шаралары барысында алынған. Ал әлеуметтік желіде тараған ақпарат полицейлердің бағыттамасында көрсетілген мәліметтерге ғана негізделген.
Сонымен қатар полиция «хакер» атанып жүрген азаматтың өзі де қазір іздеуде жүргенін хабарлады. Тергеу деректеріне сәйкес, оған қатысты алаяқтық дерегі бойынша төрт бірдей қылмыстық іс қозғалған.
Осы мәлімдемелерден кейін аталған азамат әлеуметтік желілерде бірнеше сторис пен жазба жариялап, өз ұстанымын білдірді.
Осы ақпараттан кейін өзін «хакер» деп атап жүрген азамат әлеуметтік желілерде бірнеше рет пікір білдіріп, бүгін тағы бір көлемді мәлімдеме жариялады.
Оның айтуынша, қылмыстық істер қарыз мәселесіне байланысты болғанымен, олар бұрыннан белгілі жағдайлар. Азамат 2025 жылдың сәуір айында осы қарыздарға байланысты ұсталғанын, алайда іс ұзақ уақыт қозғалыссыз жатқанын алға тартады.
«Мен бұл қарыздар бойынша жауапкершіліктен қашып жүрген жоқпын. Бірақ неге дәл қазір, 10 ай өткен соң, іс қайта қозғалып жатыр? Бұл мен жоғалған отбасы туралы видео жариялағаннан кейін күшейді», – деп жазды ол.
Сондай-ақ ол өз ата-анасының тергеу органдарына шақырылып, түсініктеме бергенін, тіпті телефондардың алынғанын айтты. Азаматтың сөзінше, бұл жағдай отбасысына психологиялық қысым ретінде қабылданған.
Ол өз сөзінде өзін кәсіби хакер немесе IT маманы ретінде көрсетпегенін, тек ақпаратты бірінші болып жариялағанын айтты. Сондай-ақ мемлекеттік органдарды әдейі қаралау ниеті болмағанын, керісінше, құзырлы органдар өз жұмыстарын атқарып жатқанын атап өтті.
«Мен өзімді керемет хакермін деп көрсеткен жоқпын. Үкімет ештеңе істемей отыр деп айтпаңыздар. Мен тек ақпаратты бірінші болып бөлістім», – деп жазды ол.
Сонымен бірге азамат өзіне тағылып отырған алаяқтық айыптарына да тоқталды. Оның айтуынша, қарыздарының бар екенін жасырмайды, бірақ бұл жағдайлар бизнестегі сәтсіздіктермен байланысты болған.
«Jet Taxi жобасы, кейін ашылған мейрамхана – бәрі шығынға ұшырады. Қарыздарым бар, бірақ оны мойнымнан қашпай, біртіндеп қайтарып жатырмын», – дейді ол.
Сондай-ақ ол шетелге қашып кеткенін, халықтың ақшасын ұрлағанын жоққа шығарып, өзін оппозиционер немесе біреудің тапсырмасын орындаушы ретінде көрсетуге қарсы екенін мәлімдеді.
Азаматтың айтуынша, жоғалған отбасыға қатысты видеоны ол көмектесу мақсатында жариялаған.
«Менің ниетім – сол отбасының табылуына көмектесу ғана болды», – деп жазды ол.
Қазіргі таңда бұл оқиғаға қатысты тергеу жалғасып жатыр. Полиция тарапынан ресми ақпараттан бөлек мәліметтерге сенбеуге шақырды. Ал әлеуметтік желілерде тараған видеолар мен пікірлер қоғамда үлкен резонанс тудырып отыр.