«Халық үні» тәуелсіз бақылаушылар тобын құрған азаматтардың айтуынша, тәуелсіз бақылаушылар референдумның ашық әрі әділ өтуін қадағалау үшін Алматы, Астана, Шымкент қалаларында және еліміздің басқа да өңірлерінде жұмыс істемек.
«Халық үні» тәуелсіз бақылаушылар тобының бастамашыларының бірі, саясаттанушы Нұрболат Нышанбай бұл бастама азаматтық жауапкершіліктің көрінісі екенін айтты.
«Біздің мақсат – 15 наурызда өтетін референдумның халықаралық нормаларға және Қазақстан Республикасының Конституциясына сай өтуін бақылау. Қазір еліміздің бірнеше қаласында бақылаушыларды ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл тек кәсіби емес, азаматтық парызымыз деп есептейміз», – деді ол.
Сондай-ақ ол бақылаушылар институты соңғы жылдары Қазақстанда біртіндеп қалыптасып келе жатқанын атап өтті.
«Тәжірибеге сүйенсек, қай учаскеде бақылаушылар көп болса, сол жерде заңбұзушылық аз кездеседі. Сондықтан бақылаушылардың тек саны ғана емес, дайындық деңгейі де маңызды», – деді Нышанбай.
Жазушы және қоғам бқайраткері Бекнұр Қисықовтың айтуынша, «Халық үні» тобы қоғамдағы өзгерістерге бейжай қарамайтын азаматтарды біріктіреді.
«Біздің қатарымызда жастар да, тәжірибелі азаматтар да бар. Бұл бастамаға қатысу үшін белгілі бір әлеуметтік мәртебе маңызды емес. Ең бастысы–азаматтық жауапкершілік. Біз бұл жұмысты қаржы үшін емес, қоғам алдындағы міндетіміз ретінде атқарып отырмыз», – деді ол.
Оның айтуынша, бақылаушылар институты Қазақстанда соңғы жылдар ішінде қалыптасып келе жатқан маңызды қоғамдық құралға айналды.
Журналист және саяси сарапшы Нұргелді Әбдіғани ұйым құрамындағы бақылаушылардың басым бөлігін жастар құрайтынын айтты.
«Қазіргі уақытта біздің бақылаушылардың шамамен 90 пайызы – жастар. Бұл Z буынының қоғамдағы өзгерістерге белсенді араласа бастағанын көрсетеді. Мұндай тенденция тек Қазақстанда ғана емес, әлемнің көптеген елінде байқалады», – деді ол.