Сот отырысы барысында блогер Ерболат Жанабылов өзіне тағылған айыптарды толық емес, ішінара мойындайтынын жеткізді. Оның айтуынша, ол заңсыз кәсіпкерлік бойынша кінәсін қабылдайды, алайда қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру айыбымен келіспейді.
Айыпталушы істің бастапқы кезеңінде әрекеттерінің салдарын толық түсінбегенін және тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілмегенін айтты. Оның сөзінше, жағдай күтпеген жерден ушығып, қылмыстық іске айналған.
Сотта сөйлеген кезде Жанабылов эмоциясын ұстай алмай, көз жасына ерік берді. Ол бұл жағдайдың өзіне ғана емес, отбасы мүшелеріне де ауыр тигенін атап өтті. Әсіресе, ата-анасы мен жасы үлкен туыстары қатты уайымдап отырғанын жеткізді.
Сонымен қатар, ол өзінің қарапайым отбасынан шыққанын, бар жетістікке өз еңбегімен жеткенін айтты. Жанабылов не себепті дәл өздерінің осындай жағдайға тап болғанын түсінбейтінін білдірді.
Еске салайық, блогер мен оның жұбайы заңсыз кәсіпкерлік және ақша жылыстату баптары бойынша айыпталуда. Тергеу нұсқасына сәйкес, олардың жобаларында көрсетілген сыйлықтар қатысушылардың қаражаты есебінен алынған.
Сот процесі жалғасып жатыр.