16 ақпан мен 4 наурыз аралығында жүргізілген әлеуметтік сауалнама қорытындысы бойынша ел тұрғындары конституциялық реформа туралы жақсы хабардар және оны талқылауға белсенді араласуда. Зерттеуді «Демократия институты» ғылыми-зерттеу қауымдастығы ұйымдастырып, оған еліміздің 17 облысы мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 8 мыңнан астам адам қатысқан.
Сауалнама деректеріне сәйкес, респонденттердің 67,1%-ы жаңа Конституция жобасымен толық немесе ішінара таныс. Ал 27,3%-ы бұл құжаттың талқыланып жатқанынан хабардар екенін айтқан.
Жалпы алғанда, қатысушылардың 90,9%-ы жаңа Конституцияны қабылдауды қолдайды. Оның ішінде 67,1%-ы толық қолдаса, 23,8%-ы көбіне қолдайтынын жеткізген. Қарсы пікір білдіргендер үлесі 4,6% ғана, ал 4,5%-ы нақты шешім қабылдамаған.
Респонденттер арасында ерекше қолдауға ие болған нормалар қатарында табиғатты қорғау қағидалары (95%), мәдениет, білім және ғылымды дамыту (91,6%), цифрлық кеңістікте жеке деректерді қорғау (89,9%), сондай-ақ неке институтын нақтылау (86,7%) бар.
Конституциялық өзгерістер көбіне бейресми ортада талқыланатыны байқалған: отбасы ішінде – 40,1%, достар арасында – 29,9%, әріптестер арасында – 24,2%. Ал азаматтар өз пікірін қалыптастыруда заңгерлерге, сарапшыларға, саясаттанушыларға және журналистерге сенім білдіреді.
2026 жылдың 15 наурызына жоспарланған референдумға қатысты сауалнамада «Сіз дауыс беруге қатысасыз ба?» деген сұраққа респонденттердің 74,8%-ы «иә» деп жауап берген. Оның ішінде дауыс беруге ниетті азаматтардың басым бөлігі Конституцияны қолдайтынын айтқан.
Ақпарат көздері бойынша әлеуметтік желілер (34,8%), интернет-БАҚ (32,1%) және теледидар (30,6%) алдыңғы қатарда. Сонымен қатар қысқа видеоконтент те танымал бола бастаған.
Жалпы нәтижелер қазақстандықтардың азаматтық белсенділігі жоғары екенін және елдегі маңызды саяси үдерістерге қызығушылық танытып отырғанын көрсетеді. Көпшілік жаңа Конституция жобасын әзірлеу кезінде халық пікірі ескерілген деп есептейді.
Айта кетейік, зерттеу репрезентативті іріктеме негізінде жүргізілген, статистикалық қателік шамамен 3,02% құрайды.