Астана қаласының полицейлері қоғамдық орында дабыл тапаншасын қолданған 29 жастағы ер адамды анықтап, ұстады.
Тергеу барысында оның көлік салонында отырып, дабыл тапаншасынан екі рет ауаға оқ атқаны белгілі болды. Сонымен қатар құқық бұзушылық жасалған сәтте ер адамның алкогольдік масаң күйде болғаны анықталған.
Оқиғаға байланысты құқық бұзушыға қолданыстағы заңнамаға сәйкес бірнеше әкімшілік шара қолданылды. Ол қоғамдық орында мас күйінде жүргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ қаруды заңсыз сақтау және алып жүру фактісі бойынша жиналған материалдар сот қарауына жіберілді.
Бұдан бөлек, соттың шешімімен ер адам ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Полиция қоғамдық тәртіпті бұзып, азаматтардың қауіпсіздігіне қауіп төндіретін кез келген заңсыз әрекет заң аясында жауапкершілікке әкелетінін ескертті.