Қазақстандық спортшылар аударыспақ, қазақ күресі, алыш, армрестлинг, арқан тарту, тоғызқұмалақ, дәстүрлі садақ ату, ат спорты және басқа да ұлттық спорт түрлерінен жүлдеге ие болды.
Жарысқа 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында 113 елден шамамен 3 мың спортшы қатысты.
Алдын ала жарыс барысында Қазақстан 4 қыркүйекте 55 медальмен жалпы есепте көш бастаған еді. Сол кезде құраманың қоржынында 25 алтын, 13 күміс және 17 қола болған.
Алайда ойындар аяқталғаннан кейін медальдарды есептеу мәселесіне қатысты дау туындады. Қырғызстан тарапы Қазақстан мен Қырғызстанның алтын медальдарын әртүрлі есептеген. Кейін ұйымдастырушылар бұрын жарияланған жалпы командалық кестені алып тастап, ресми жалпыкомандалық есеп жүргізілмегенін мәлімдеді.
Соған қарамастан Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі қорытынды нәтижеде ұлттық құраманың 32 алтын медальмен бірінші орын алғанын хабарлады.