ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар–шілде айларында байланыс қызметтерінің көлемі 913 млрд теңгені құрады. 2020 жылы бұл көрсеткіш 884,5 млрд теңге болса, 2025 жылдың қорытындысында 1,5 трлн теңгеге жеткен.
Қазір нарықта үш тәуелсіз инфрақұрылымдық оператор бар: «Мобайл Телеком-Сервис» (Tele2, Altel), «КаР-Тел» (Beeline, izi) және «Кселл» (Kcell, Activ). 2025 жылы «Мобайл Телеком-Сервис» компаниясының 100% үлесін катарлық Power International Holding сатып алды.
Төртінші операторға қанша инвестиция қажет?
Жаңа ұлттық оператор құру үшін жиілік ресурстарын сатып алу, базалық станциялар мен магистральдық желілер салу, елді мекендерді қамту және инфрақұрылымды тұрақты жаңарту қажет.
2022 жылдың соңындағы 5G жиілік аукционында екі лот 156 млрд теңгеден астам сомаға сатылды. Бұл тек жиілік үшін төленген қаражат. Бұдан бөлек, желіні құруға миллиардтаған инвестиция қажет.
2023–2025 жылдары Қазақстанның ақпарат және байланыс саласының негізгі капиталына 1,2 трлн теңге инвестиция салынған. Бұл алдыңғы үш жылмен салыстырғанда 2,5 еседен астам көп.
Мысалы, 2023 жылдан 2026 жылдың бірінші жартыжылдығына дейін «Кселлдің» капиталдық шығыны 411,8 млрд теңгені, ал «КаР-Телдің» шығыны 288,6 млрд теңгені құрады. «Мобайл Телеком-Сервис» 2030 жылға дейін желіні дамытуға 400 млрд теңгеден астам инвестиция салуды жоспарлап отыр.
Қазақстан аумағының үлкен әрі халық тығыздығының төмен болуы жаңа оператор үшін инфрақұрылым салу шығынын арттырады. Сондықтан жаңа желі тек қалаларда емес, ауылдар мен шалғай елді мекендерде де құрылуы керек.
Халықаралық тәжірибе не көрсетеді?
Әлемнің бірқатар елдерінде ұялы байланыс нарығы төрт оператордан үш операторға дейін шоғырланған. Мысалы, АҚШ-та T-Mobile мен Sprint біріктірілгеннен кейін үш ірі ұлттық оператор қалды. Ұлыбританияда Vodafone мен Three бірікті, ал Испанияда Orange мен MásMóvil бірлескен кәсіпорын құрды.
Сонымен қатар Швеция мен Финляндия сияқты елдерде операторлар инфрақұрылымды бірлесіп пайдалану арқылы шығынды азайтып, қамтуды кеңейтуде.
Қазақстанда да мұндай тәжірибе бар. «250+» жобасы аясында «Кселл», «Мобайл Телеком-Сервис» және «КаР-Тел» ауылдық елді мекендердегі инфрақұрылымды бірлесіп пайдаланады.
GSMA Intelligence деректеріне сәйкес, 2016 жылдан бері үш инфрақұрылымдық ойыншысы бар еуропалық нарықтардағы операторлар төрт ойыншысы бар нарықтарға қарағанда бір қосылымға орта есеппен 48%-ға көп инвестиция салған.
Төртінші оператордың нарыққа ықтимал әсері қандай?
Жаңа ойыншының пайда болуы бәсекелестікті арттыруы мүмкін. Бірақ жаңа оператордың клиенттері негізінен қолданыстағы компаниялардың абоненттері есебінен қалыптасуы ықтимал. Бұл тарифтік бәсекені күшейтіп, операторлардың түсіміне қысым жасауы мүмкін.
Internet Society зерттеуінде 2008–2020 жылдары жаңа ұялы операторлар шыққан тоғыз нарық қарастырылған. Зерттеу бойынша, барлық жағдайда қолданыстағы операторлардың бір абоненттен түсетін орташа кірісі — ARPU төмендеген. Орташа төмендеу шамамен 20% болған.
Бұл жаңа оператордың келуі міндетті түрде осындай нәтижеге әкеледі деген сөз емес. Дегенмен кірістіліктің төмендеуі желілерді жаңғырту мен жаңа технологияларға инвестиция көлеміне әсер етуі мүмкін.
Балама модель бар ма?
Жаңа ұлттық желі салудың бір баламасы — MVNO моделі. Виртуалды оператор дайын инфрақұрылымды пайдаланып, өз қызметтерін ұсына алады. Бұл жағдайда жаңа компанияға толыққанды ұлттық желі құрудың қажеті жоқ, ал бәсекелестік тарифтер, сервис және цифрлық өнімдер арқылы күшеюі мүмкін.
Қазақстанда MVNO операторларының жұмыс істеуіне қажетті нормативтік база қалыптасқан.
Қазіргі таңда елімізде мобильді интернетпен қамту деңгейі 90%-дан асады деген бағалаулар бар. 5G желілерін дамыту және шалғай елді мекендерді интернетпен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасып жатыр.
Сондықтан төртінші оператор мәселесін тек нарықтағы компаниялар санын көбейту тұрғысынан емес, оның тұтынушыға нақты қандай пайда әкелетіні, инвестиция көлеміне және байланыс сапасына қалай әсер ететіні тұрғысынан бағалау маңызды.
Қазақстан үшін негізгі басымдықтар — желі сапасын арттыру, қамту аумағын кеңейту, интернет жылдамдығын көбейту және инфрақұрылымға инвестицияны сақтау.