weather Астана: --°C
weather Алматы: --°C
weather Шымкент: --°C
Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
17 қыркүйек, 2026 / Шұғыла Амангелді / Аймақтар
Тарату: WhatsApp Telegram Twitter Facebook

Ақтау тұрғындарының суға қатысты шағымы: министрлік не деді?

Маңғыстау облысының тұрғындары Ақтауда ауызсу мен техникалық судың бірнеше күн бойы берілмей жатқанына шағымдануда. Бұл мәселе 17 қыркүйекте Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте көтерілді, деп хабарлайды Newsroom.kz.
 

Ақтау тұрғындарының суға қатысты шағымы: министрлік не деді?
Фото: Жасанды интеллект

Зерттеу барысында Маңғыстау облысы әкімдігінің Telegram чат-арнасындағы тұрғындар жазбаларына назар аударылды. Онда Ақтаудың бірқатар үйлерінде ауызсу мен техникалық судың бірнеше күн бойы берілмей жатқаны туралы шағымдар жарияланған.

Мәселен, тұрғындардың бірі:

«Тех су қайда екен, неге жоқ, қашан қосылады, себебі не? 30-183 үйде кешеден жоқ, жауап берсеңіз», – деп жазған.

Тағы бір жазбада 12-64 үйдің тұрғыны техникалық судың бір күннен бері жоқ екенін айтып, оның қашан берілетінін сұраған.

Ал басқа тұрғын:

«ОДС ГКП КЖСА, где питьевая вода в 7-7? Уже несколько дней не могут заварить трубу», – деп шағымданған.

Яғни тұрғындардың жазбаларында мәселенің тек судың уақытша тоқтатылуы емес, оның нақты қашан берілетіні мен үзілістің себебіне қатысты екені байқалады.

Мәселе ОКҚ брифингінде көтерілді

Осы шағымдарға байланысты Newsroom.kz тілшісі 17 қыркүйекте өткен «Елімізде суару маусымының аяқталуы туралы» брифингте  ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы Сейілбек Серғазыұлы  Нұрымбетовке сұрақ қойды.

Маңғыстау облысы тұрғындары орналасқан чаттарда Ақтауда ауызсу және техникалық судың бірнеше күн бойы берілмей жатқаны туралы шағымдар жиі кездесетінін айтып, бұл мәселенің министрлікке белгілі ме? Сондай-ақ Ақтауда су берудегі мұндай үзілістердің негізгі себебі неде және қазіргі таңда мәселені шешу үшін қандай нақты шаралар қабылданып жатқаны сұралды.

Алайда министрлік өкілі бұл сұрақ бойынша нақты жауап бере алмады. Оның айтуынша, елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі негізінен басқа мемлекеттік орган мен жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жатады.

«Бұл сұрақты арнайы баспасөз қызметі арқылы жазып алып, тиісті органдарға жеткіземіз», – деді спикер.
 

Су мәселесі бұған дейін де көтерілген

Ақтаудағы су мәселесі бұған дейін де бірнеше рет көтерілген. Ашық деректерде қала тұрғындарының су сапасы мен су беру тәртібіне қатысты шағымдары кездеседі. Мәселен, 17 қыркүйектегі ақпаратта Ақтаудың 3-шағынауданындағы №146 үй тұрғындары төрт күн бойы крандарынан ауызсудың орнына техникалық су ағып жатқанын айтқан.  Ал қазіргі жағдайда Ақтау тұрғындарының әкімдік чаттарындағы жаңа шағымдары мәселенің әлі де тұрғындар үшін өзекті екенін көрсетеді.


Әзірге Ақтау тұрғындары судың нақты қашан берілетінін және бірнеше күндік үзіліске не себеп болғанын білмей отыр. Newsroom.kz редакциясы осы мәселеге қатысты жауапты органдардан ресми түсініктеме күтеді.

TikTok
TikTok-та отырсыз ба? Онда бізге жазылыңыз.
Маңызды жаңалықтарды жедел алу үшін жазылыңыз.
Өту→