weather Астана: --°C
weather Алматы: --°C
weather Шымкент: --°C
Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
Бүгін, 13:31 / Жасмина Нурлан / Білім
Тарату: WhatsApp Telegram Twitter Facebook

Бөкетов университетінің музейі жаңартылады

Қарағанды ұлттық зерттеу университеті академик Е.А. Бөкетов атындағы музейді кешенді жаңғырту жобасын жүзеге асырып жатыр. Жаңартылған экспозицияда оқу орнының тарихы, ғылыми жетістіктері, мәдени мұрасы мен заманауи мультимедиялық технологиялар тоғысады. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.

Бөкетов университетінің музейі жаңартылады

Музейді жаңарту тұжырымдамасы университет басшылығының бастамасымен шамамен екі жыл бұрын әзірлене бастаған. Жобаның авторлары – Құрылтай депутаты, Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор Нұрлан Дулатбеков пен музей директоры Қарлығаш Тұрсынбаева.

2026 жылғы 2 қарашада реконструкция жұмыстарының барысымен университет Басқарма төрағасы – ректорының міндетін атқарушы М.М. Умуркулова және әкімшілік-шаруашылық қызмет жөніндегі проректор А.С. Молдабаев танысты. Музей директоры оларға болашақ экспозицияның тұжырымдамасын, залдардың орналасу жоспарын, дизайн шешімдері мен макеттерін көрсетті.

Ұлттық нақыш пен заманауи шешімдер

Жаңа музейдің кіреберіс бөлігі қазақтың дәстүрлі киіз үйі үлгісіндегі композициямен безендіріледі. Мұнда шаңырақ пен төр ұғымдарына ерекше мән берілген. Қазақ мәдениетінде төр – құрметті қонаққа арналған орын, ал музей кеңістігінде ол қонақжайлық пен тарихқа деген құрметтің символы ретінде ұсынылады.

Композиция үлкен мультимедиялық экранмен толықтырылады. Онда университеттің архивтік фотосуреттері мен тарихи материалдары көрсетіледі. Экран алдында дәрістер, таныстырылымдар және ұжымдық көрсетілімдер өткізуге арналған арнайы орын қарастырылады.

1938 жылдан басталған тарих

Экспозицияның негізгі бөлімі университеттің қалыптасу және даму кезеңдеріне арналады. Оқу орнының тарихы 1938 жылы мұғалімдер институтының ашылуынан басталған. 1952 жылы педагогикалық институт болып қайта құрылып, 1972 жылы университет мәртебесін алды. Ал 2025 жылы ұлттық зерттеу университеті статусына ие болды.

Көрме осы кезеңдерді қамтып қана қоймай, оқу орнының дамуына үлес қосқан тұлғалар туралы да баяндайды. Ғалымдардың зерттеулері, оқытушылардың еңбегі, студенттердің білім, ғылым және спорт саласындағы жетістіктері жеке бағыттар бойынша ұсынылады. Сондай-ақ университет серіктестерінен алынған естелік сыйлықтар да экспозициядан орын алады.

Өнер, ғылым және мәдени мұра

Жаңартылған музейде студенттердің шығармашылық жұмыстарына арналған көркемсурет галереясы ашылады. Онда педагогика факультетінің дизайн және бейнелеу өнері бағытында білім алатын студенттерінің туындылары қойылады. Сонымен қатар өткен дәуірлердегі техникалық құрылғылардан тұратын ретро-техника бұрышы жасақталады.

Университеттің халықаралық білім беру бағдарламалары, кітапхана, баспа және ғылыми қызметі де жеке бөлімдерде таныстырылады.

Қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрлі тұрмысына арналған экспозицияда этнографиялық бұйымдар, керамикалық ыдыстар және археологиялық зерттеулер мен экспедициялар кезінде табылған жәдігерлер көрсетіледі. Оларды студенттердің заманауи шығармашылық жұмыстарымен қатар орналастыру арқылы ұлттық мұра мен бүгінгі өнер арасындағы сабақтастықты көрсету көзделген.

Музей – білім мен мәдениет кеңістігі

Жоба аясында цифрлық панельдер, мультимедиялық экрандар және проекциялық технологиялар қолданылады. Олар архивтік құжаттар мен фотоматериалдарды интерактивті форматта ұсынып, келушілердің университет тарихымен тереңірек танысуына мүмкіндік береді.

Сонымен қатар музей тек тарихи жәдігерлер сақталатын орын емес, түрлі білім беру және мәдени іс-шаралар өткізетін алаңға айналмақ. Мұнда экскурсиялар, дәрістер, тақырыптық сабақтар, таныстырылымдар мен кездесулер ұйымдастыру жоспарланған.

Жобаның басты мақсаты – университеттің тарихи мұрасын сақтап қана қоймай, оны жаңа форматта таныстыру. Осылайша, музей өткен мен бүгінді байланыстыратын, ұрпақтар сабақтастығын көрсететін және оқу орнының ғылыми әрі мәдени жетістіктерін кеңінен насихаттайтын заманауи кеңістік болмақ.

TikTok
TikTok-та отырсыз ба? Онда бізге жазылыңыз.
Маңызды жаңалықтарды жедел алу үшін жазылыңыз.
Өту→

Біздің cеріктестер