Министрлік шешімі 26 ауруды емдеуге арналған дәрілік заттарға қатысты. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, тізімнен алынған препараттарға сұраныс төмен болған әрі олардың тиімділігі жеткіліксіз деп бағаланған.
Сонымен қатар дәрі-дәрмек тізімі 14 ауруды емдеуге арналған 22 заманауи препаратпен толықтырылды. Осылайша, ведомство дәрілік қамтамасыз ету жүйесін жаңартып, пациенттерге қажетті әрі тиімді препараттарға басымдық беруді көздеп отыр.
Бұдан бөлек, инсулин помпаларымен қамтамасыз ету мүмкіндігі кеңейтілді. Енді мұндай құрылғыларды 21 жасқа толмаған қант диабетімен ауыратын пациенттер мен жүкті әйелдер де ала алады.
Қазіргі уақытта Қазақстанда амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бағдарламасын 2,1 миллионға жуық адам пайдаланады. Бұл мақсатқа шамамен 245 миллиард теңге қарастырылған.