Кездесу барысында министр Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық серіктестіктің нығаюына мемлекет басшыларының қарым-қатынасы оң ықпал етіп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дональд Трамптың жоғары деңгейдегі байланыстары екіжақты ынтымақтастықты жаңа бағыттар бойынша дамытуға мүмкіндік береді.
Өз кезегінде Джули Стаффт Қазақстан Президентінің алдағы G20 саммитіне қатысуына байланысты дайындық жұмыстарының жүргізіліп жатқанын құптады. Мемлекет басшысы АҚШ Президенті Дональд Трамптың шақыруымен 14–15 желтоқсанда Майами қаласында өтетін саммитке қатысады. Елшінің пікірінше, бұл басқосу екі мемлекет арасындағы байланысты тереңдетіп, өзара іс-қимыл аясын кеңейтуге жол ашады.
Әңгіме барысында онлайн-платформалар мен масс-медиа саласын реттеуге қатысты заңнамалық бастамалар да қозғалды. Елшінің сауалына жауап берген Арман Қырықбаев Құрылтайда қаралып жатқан түзетулердің негізгі мақсаты туралы мәлімет берді. Ұсынылып отырған өзгерістер азаматтардың құқықтарын қорғауды, балалардың интернет кеңістігіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, заңсыз контенттің таралуына жол бермеуді және цифрлық платформалардың жауапкершілігін күшейтуді көздейді.
Министр Қазақстанның цифрлық кеңістікті реттеу бойынша халықаралық тәжірибені зерттеуге, соның ішінде АҚШ-тың осы бағыттағы тәсілдерімен танысуға мүдделі екенін жеткізді.
Сонымен қатар тараптар музей саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастырды. Джули Стаффт екі елдің музей мекемелері арасындағы кәсіби байланыстарды дамытуға қолдау білдіріп, Қазақстан музейлерінің коллекцияларын АҚШ аумағында таныстыруға және көрмелер ұйымдастыруға жәрдемдесуге дайын екенін айтты.
Арман Қырықбаев америкалық музейлердің жұмыс тәжірибесін зерделеу, заманауи музей технологияларымен танысу және мамандар арасындағы кәсіби байланысты нығайтуға бағытталған бастамалар үшін елшіге алғыс білдірді.
Кездесу соңында тараптар мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге, тәжірибе алмасуға және ортақ жобаларды іске асыруға дайын екендерін растады.