Мәліметке сәйкес, жол-көлік оқиғасы Кабул қаласын елдің шығыс провинцияларымен байланыстыратын тасжолдың Каргаи ауданында болған. Жүргізуші көлік тізгініне ие бола алмай, жүк көлігі жолдан шығып кетіп, аударылған.
Ресми мәлімдемеге сәйкес, оқиға орнында 18 адам, оның ішінде 10 бала мен бес әйел қаза тапқан. Тағы 30 адам түрлі жарақат алып, жақын маңдағы ауруханаларға жеткізілді. Зардап шеккендердің кейбірінің жағдайы ауыр деп бағалануда.
Алдын ала мәлімет бойынша, апаттың негізгі себебі – жүргізушінің абайсыздығы. Қазіргі уақытта оқиғаға қатысты тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Жол-көлік апаттары соғыстан зардап шеккен Ауғанстандағы өлім-жітімнің басты себептерінің бірі болып саналады. Мұндай оқиғалар көбіне жүргізушілердің жол ережелерін сақтамауы, көліктердің шамадан тыс жүктелуі, жолдардың сапасыздығы және көлік инфрақұрылымының дамымауы салдарынан орын алады.