weather Астана: --°C
weather Алматы: --°C
weather Шымкент: --°C
Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
Баннер
Тарату: WhatsApp Telegram Twitter Facebook

Қазақстан мен Өзбекстан Орта дәліз арқылы жүк тасымалын ұлғайтуды көздеп отыр

Қазақстан мен Өзбекстанның премьер-министрлері Ақтау халықаралық теңіз сауда портында кездесіп, Транскаспий халықаралық көлік бағытының мүмкіндіктерін талқылады. Тараптар Орта дәліз арқылы жүк тасымалын көбейту және көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты күшейтуге уағдаласты.

Қазақстан мен Өзбекстан Орта дәліз арқылы жүк тасымалын ұлғайтуды көздеп отыр
Фото: ukimet

Қазақстан Республикасы Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Өзбекстан Республикасы Премьер-министрі Абдулла Арипов Ақтау халықаралық теңіз сауда портының жұмысымен танысты. Сапар барысында олар порттың өндірістік әлеуетін, инфрақұрылымын және өңірлік логистикадағы рөлін бағалады.

Ақтау порты Каспий теңізіндегі маңызды көлік торабы саналады және Транскаспий халықаралық көлік бағытының негізгі буындарының бірі болып табылады. Жалпы аумағы 44 гектарды құрайтын порт жылына шамамен 12 миллион тонна жүк өңдей алады. Ол Каспий маңы елдері, Кавказ және Орталық Азия бағытында үздіксіз жүк тасымалын қамтамасыз етіп келеді.

Кездесу барысында Қазақстан Үкіметі теңіз инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстарын жалғастырып жатқанын мәлімдеді. Биыл Құрық портындағы түбін тереңдету жұмыстары толық аяқталған болса, Ақтау портындағы осындай жоба жыл соңына дейін тәмамдалады деп жоспарланып отыр. Бұл порттардың өткізу қабілетін арттырып, ірі кемелердің қауіпсіз қатынауына мүмкіндік береді.

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының мәліметінше, Ақтау мен Құрық порттарының жиынтық өткізу қуаты жылына шамамен 22 миллион тоннаны құрайды. Соңғы жылдары Орта дәліз арқылы контейнерлік тасымал қарқынды өсіп, 2022 жылдан бері бірнеше есеге артқан.

Тасымалдау көлемін одан әрі көбейту үшін Ақтау портында жаңа контейнерлік хаб кезең-кезеңімен іске қосылып жатыр. Жоба толық аяқталғаннан кейін оның қуаты жылына 240 мың жиырма футтық эквивалентке дейін жетеді. Сонымен қатар теңіз флотын жаңарту аясында алты жаңа контейнерлік кеме салынуда. Ал теміржол инфрақұрылымын жаңғырту порттарға жүк жеткізуді жеделдетуге мүмкіндік береді.

Келіссөздер барысында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы жүк тасымалының тиімділігін арттыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Биыл Ақтау және Құрық порттары арқылы Өзбекстан жүктерінің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 60 пайыздан астам өскені айтылды. Бұған қолайлы тарифтік саясат пен көлік инфрақұрылымын дамыту оң әсер еткен.

Кездесу қорытындысында екі елдің премьер-министрлері «Қазақстан темір жолы» мен «Өзбекстан темір жолдары» компанияларына Орта дәліз арқылы тасымал көлемін кезең-кезеңімен ұлғайтуға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеуді тапсырды.

TikTok
TikTok-та отырсыз ба? Онда бізге жазылыңыз.
Маңызды жаңалықтарды жедел алу үшін жазылыңыз.
Өту→