Премьер-министр Олжас Бектеновтің мәлімдеуінше, жаңа теміржол желілерін салу көлік-логистика инфрақұрылымын дамытудағы негізгі бағыттардың бірі. Үкіметтің жоспары бойынша, 2035 жылға қарай Қазақстан арқылы өтетін транзиттік жүк көлемін жылына 100 миллион тоннаға дейін жеткізу көзделген.
Қолданыстағы теміржолдарды жаңғырту жұмыстары да жалғасып жатыр. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының мәліметінше, 2023–2025 жылдары 4 448 шақырым жол жөнделген. Ал 2026 жылдың басынан бері тағы 1 052 шақырым теміржол жаңартылды. Осылайша, 2029 жылға дейін жөнделуі тиіс 11 мың шақырым жолдың 5,5 мың шақырымы жаңғыртылған.
Қазіргі уақытта елімізде бірнеше ірі теміржол жобасы жүзеге асырылып жатыр. Олардың қатарында «Достық – Мойынты», «Дарбаза – Мақтаарал», «Мойынты – Қызылжар», «Бақты – Аягөз» бағыттары және Алматыны айналып өтетін теміржол желісі бар. Бұл жобалар теміржол желісінің өткізу қабілетін арттырып, халықаралық көлік дәліздерін дамытуға мүмкіндік береді.
Жалпы, жаңа теміржол желілерін салу мен қолданыстағы инфрақұрылымды жаңарту жүк және жолаушылар тасымалының тиімділігін арттыруға, қозғалыс қауіпсіздігін жақсартуға әрі Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы маңызды транзиттік бағыт ретіндегі рөлін күшейтуге бағытталған.