Жетісу облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері күдіктіні жедел-іздестіру іс-шаралары барысында анықтаған.
Полицияның мәліметінше, ер адамның үйіне санкцияланған тінту жүргізілген. Сол кезде өсімдік тектес зат табылып, тәркіленді. Сараптама оның гашиш екенін растаған. Жалпы салмағы 6 келі 550 грамм болған.
Құқық қорғау органдары бұл есірткінің ірі партиясы заңсыз айналымға түсіп, қала көшелеріне таралуы мүмкін болғанын атап өтті.
Ұсталған азаматқа қатысты тергеу жүргізіліп жатыр. Ол қамауға алынған. Қазір полиция оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, есірткінің заңсыз айналымына қатысы болуы мүмкін басқа да тұлғаларды іздестіріп жатыр.
Полиция күдіктінің есірткіні нақты қандай мақсатта сақтағаны және оның заңсыз айналымдағы ықтимал басқа қатысушылары туралы қосымша ақпарат әзірге жариялаған жоқ.